Алматыда Қазақстан қыздар чемпионатының бастапқы туры аяқталды. Qyzdar Ligasy-ның алғашқы кезеңін қорытындылаймыз.
«Айсұлу» командасы турдың жеңімпазы атанды. Қазіргі чемпиондар барлық төрт матчты негізгі уақытта жеңіп, 12 ұпай иеленді. Бұл ретте алматылық ұжым турдың ең нәтижелі командасы болды – 53 шайба салынды. Сонымен қатар Александр Мальцевтің ойыншылары қорғаныста да мығым ойнап, небәрі 2 шайба өткізді.
Екінші орында елордалық «Томирис» келе жатыр (3 жеңіс және 9 ұпай). Үздіктердің үштігін өскемендік «Торпедо» тұйықтайды (2 жеңіс, 6 ұпай).
Турдың ең ірі жеңісі 28 қазанда өтті. Бұл күні «Айсұлу» «Жұлдыз» командасындағы қарсыластарын 23:1 есебімен ойсырата жеңді.
Чемпионаттың қазіргі таңдағы ең үздік бомбардирі әрі ассистенті – «Айсұлу» командасындағы Роксан Риу. Ол 4 кездесу барысында 19 (8-11) балл жинады.
Турнирдің үздік снайпері – «томиристік» Ольга Широкова. 4 матч барысында ол қарсыластың қақпасына 11 шайба дарытты.
Қорғаушылар арасында ең үздік көрсеткіш «Торпедо» командасындағы Катрин Мескиниге тиесілі. Оның қоржынында 10 (2+8) балл бар.
«Айсұлудың» қақпашысы Арина Щёколова мұз алаңында 220 минут өткізіп, өз амплуасындағы барлық ойыншылар арасында ең үздік ойын көрсетті. Ол бір ғана шайба өткізіп, тиімділік көрсеткіші 0,3-ті көрсетті және соққылардың 97,8%-ына тойтарыс берді.